Жылу және электр жүйелерінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 12,6 шақырым жылу желісіне, 1520 шақырым электрмен жабдықтау желілеріне және 227 қосалқы станцияны жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:
— 2025 жылы Петропавл 2-ЖЭО-да инвестициялық және жөндеу бағдарламалары аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы қаржы көлемі 27,7 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде инвестициялық бағдарлама аясында 15,4 миллиард теңге, ал жөндеу қоры шеңберінде 12,3 миллиард теңге бағытталды.
Солтүстік Қазақстан облысының электр желісін таратушы компаниясы күзгі-қысқы кезеңге дайындыққа инвестициялық бағдарлама аясында шамамен 4 млрд теңге жұмсады. Компания 381 елді мекенге қызмет көрсетеді, оның ішінде төрт қала бар. Петропавл 2-ЖЭО-ға көмір жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда қоймада 199,6 мың тонна көмір қоры бар. Бұл 29 тәулікке жетеді. Сондай-ақ, 1900 тонна мазут сақтаулы, ол 63 тәулікке жеткілікті. Мамандардың айтуынша, жылыту маусымының ойдағыдай өтуі толық бақылауда. Жалпы, қазіргі таңда 484 қазандық жұмыс істеп тұр. Жылуға 636 білім беру нысаны, 364 денсаулық сақтау мекемесі және 1453 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Сондай-ақ, жылыту маусымы кезеңінде болуы мүмкін апаттық жағдайлардың алдын алу және олар туындаған сәтте жедел әрі тиімді әрекет ететін арнайы бригадалар дайын.
Өңірде 562 мың тонна көмір дайындалды, бұл жоспардың 90 пайызын құрайды. Тұрғындар 379 мың тонна көмір яғни 93 пайыз, ал бюджеттік мекемелер 142 мың тонна қатты отынмен толық қамтамасыз етілді. Орталық қазандықтарға 41 мың тонна көмір әзірленген, ол жылыту маусымы бойы кезең-кезеңімен жеткізіледі. Қазіргі таңда облыстың теміржол тұйықтарында 31 мың тонна көмір қоры бар, оның 1 375 тоннасы Петропавл қаласына тиесілі.