Қоғам

Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтті

Аптаның алғашқы күнінде Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтті. Алқалы жиында реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстар талқыға салынды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген. Ал талқылаудың барлық кезеңдері жұртшылық үшін тікелей эфирде көрсетілді.

ЭЛЬВИРА АЗИМОВА, ҚР Конституциялық Сотының төрайымы:

— Азаматтар тікелей эфир арқылы сарапшылардың көзқарастарын, өзге азаматтардың бастамаларын көре алады. Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді.

Отырыстың модераторының сөзінше, Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Олардың барлығы қабылданды, топтастырылды, енді қаралатын болады. Бас қаладағы басқосуға өңірімізден аттанған азаматтар да қатысып жатыр. Түске таман облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Тоқшылықпен байланысқа шықтық. Ол көтерілген маңызды мәселелерді баян етті.

ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

— Бүгін 16 адам баяндама жасады, ұсыныстарын, стратегиялық ойларын ортаға салды. Комиссия құрама әр саланың білікті мамандарынан жасақталған.

Күтілетін жаңашылдықтар Астанада жиналған 130 адамның талқы-таразысымен қабылданбайды. Қоғамдық пікір де назарға алынады. Нақты өзгерістер Конституциялық референдумға шығарылмақ. Яғни, соңғы шешімді халық қабылдайды.