Құқық қорғау органдары

Бір айдың ішінде екі рет көлік ұрлаған қала тұрғыны ұсталды

Ауру қалса да әдет қалмайды. Петропавлда бір айдың ішінде екі рет көлік ұрлаған 28 жастағы жігіт ұсталды. Бірінші жағдайда мүлік иесінен арыз түспепті, екінші жағдайда камералардың көмегімен көзге түскен ұры бір сағаттың ішінде құрықталды. Бір қызығы, екі бірдей көліктің есігі ашық, кілті ішінде болыпты.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

АЛМА ЫБРАЕВА, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

Мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жүргізушілерге көлікті оталдыру кілттерін көлік салонында қалдырмауды, сенімді дабыл жүйесін қолдануды сұрайды. Сонымен қатар, мүмкіндігінше автокөліктерді күзетілетін тұрақтарға немесе жарықтандырылған жерлерге, бейнебақылау камераларының аумағына қоюды ұсынады.

Сондай-ақ, өңірде «Стоп угон» атты жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген мамандар атқарған жұмыстарын қорытындылады. Барлығы – 200-ге жуық техникалық қызмет көрсету станциясы, автотұрақ пен құрал-сайман сатылатын нысандарды тексерген.
Пайдаланылған қосалқы бөлшектерді белгіленбеген орындарда сатқан 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.