Облыста бір аптадан бері аяздың беті қайтар емес. Ауа температурасы кей жерлерде -35-40 градусқа дейін төмендеді. Синоптиктердің сөзінше, суық ауа райы өңірде алдағы уақытта да сақталады.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
— 24-ші қаңтар күні облыста аздап қар жауады. Ауа температурасы түнде -38 градусқа дейін түседі. Келесі күні де дәл осы ауа райы сақталады.
Петропавлда үш күннің ішінде қатты аяздан 13 адамды үсік шалды. Аязда мас күйде далада жүргендер жансақтау бөліміне түсті. Тіпті, екі адам аяғынан айырылып қалған. Қазір 10 науқас стационарда ем қабылдап жатыр. Көпшілік үсік шалған жағдайда не істеу керектігін білмейді. Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматолог дәрігері Денис Петров тұрғындарға үндеу жасады.
ДЕНИС ПЕТРОВ, көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматолог дәрігері:
— Ең дұрыс шешім – аяқ-қолды құрғақ шәлі немесе сүлгімен орап қою қажет. Осылайша аяқ-қол өздігінен жылынады. Бұл – жақын маңда медициналық пункттер болмаған жағдайда жасалатын алғашқы әрекет. Ал егер мүмкіндік болса, науқасты бірден ауруханаға жеткізу қажет. Себебі, біз медициналық мекемеде тамырлық терапияны бастап, қан айналымын мүмкіндігінше қалпына келтіре аламыз. Сол кезде ғана тері барынша аз зақымданады.
Күн өте суық. Ал аялдамада өздеріңіз көріп тұрандай адамдардың қарасы қалың. Барлығы автобус күтіп тұр. Олар қоғамдық көліктердің аралық уақыттары тым ұзап кетпегенін қалайды. Тұрғындар автобустың қашан келетінін мына бір ақпараттық таблодан көре алады. 2023 жылдан бері қаладағы аялдамаларға мұндай 73 құрылғы орнатылған. Түсірілім барысында тұрғындармен тілдестік.
Мына бір көріністен көппәтерлі баспаналардың алды көлікке толы екенін көруге болады. Әдетте, бұл уақытта аулалардан машина табылмайды. Көлік жүргізушілері қақаған аязда темір тұлпарларын оталдырғанды жөн көрмейді. Керек жерлеріне такси немесе автобуспен барған дұрыс деп санайды. 10 жылдан бері рөл тізгіндеп жүрген Руслан Тоқмайылов “Газелімен” жүк тасымалдаумен айналысады. Осы арқылы отбасын асырайды. Азамат “Егер басқа жұмыста істесем, мұндай көлігімді мүлдем оталдырмас едім”, -дейді.
РУСЛАН ТОҚМАЙЫЛОВ, қала тұрғыны:
— Көлігім таңертең оталуы үшін түнде екі рет тұруға мәжбүрмін. Егер ұйықтап қалсам, таңертең машақат көремін. “Газельмен” бір үйге заттар әкелсем, оны мүлдем сөндірмеймін. Тиісінше, бензинді көп жейді. Аяздың кесірінен шығын да көбейді деп айта аламын.
Қақаған аяздың салдарынан өңірдегі мектептер мен колледждер қашықтықтан оқытуға көшті. Шешім оқушылардың мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сабақтар онлайн форматта қолданыстағы кестеге сәйкес жүріп жатыр. Айта кету керек, талап бойынша егер ауа райы минус 30 градустан төмен болса, барлық оқушылар бірден үйден білім алуға ауыстырылады.