Құқық қорғау органдары

СҚО-да оқушылардың ата-аналарына жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді

Өткен жылы өңір жолдарында кәмелетке толмаған 2 бала қаза тауып, 148 ұл-қыз түрлі дене жарақатын алған. Олардың 48-і, яғни шамамен әр үшіншісі – жаяу жүргінші. Сандар төмен қаратады. Көрсеткішті азайту мақсатында облыс полицейлері мектептерде ата-аналар жиналыстарына қатысып, балалардың жолда қауіпсіз жүріс-тұрысы туралы ақпармен бөлісуде. Петропавлда қазір 36 жалпы білім беретін мектеп бар. Оларда 28 мыңнан астам оқушы оқиды. Ақпараттық кездесу осы мекемелердің барлығында өткізілді. Түсіндіру жұмыстарына инспекторлармен қатар, әкімшілік полиция қызметінің басшылығы да қатысты.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

— Балалардың жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша жұмысты ең алдымен ата-аналармен жүргізіп жатырмыз. Себебі, тиісті ақпарат оқушыларға әке-шешелері арқылы анағұрлым тиімді жетеді. Егер ұл-қыздар күнделікті сақтық шараларын естісе, қауіп төнбейді деп санаймыз.

Полиция қызметкерлері жиналыстарда ересектерді де қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Көлік тізгіндегендер жылдамдыққа, белгілерге мән беруі тиіс. Ал жаяу жүретіндер рұқсат етілмеген жерді кесіп өтпегені жөн.