Петропавлда пробация қызметі волонтерлік және өзге де қоғамдық ұйымдармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеуге бағытталған маңызды қадам болып саналады. Енді пробация бақылауындағы жандар түрлі қоғамдық іс-шараларға ерікті түрде қатыса алады.
НИКИТА ЖИРОВ, қала тұрғыны:
— Мен біреуді бопсалағаным үшін есепке алындым. Әрине, қазір ол ісіме қатты өкінемін. Заңның ала жібін аттағаным үшін кінәлімін. Қателігімнен үлкен сабақ алдым. Енді олай аяғымды шалыс баспауға тырысамын. Студентпін, спортпен айналысамын. Қазір осылай маңызды шараларға қатысып, өзімді дамытумен айналысып жүрмін. Волонтерлікке өз еркіммен келдім. Жақында мені есептен шығарады. Бірақ, әрі қартай да қайырымды іспен айналысуды жалғастырғым келеді.
Қазіргі таңда 10-нан астам адам өз қалаулары бойынша әлеуметтік жұмыстарға тартылды. Алдағы уақытта бұл қатардың кеңеюі жоспарланып отыр. Яғни, басқа да есепте тұрған азаматтар бастамаға еркін түрде қосыла алады.
МӘДИНА ЕЛЖАСОВА, Петропавл қалалық пробация қызметі бөлімі бастығының орынбасары:
— Біздің міндетіміз – есепте тұрған адамдарды бақылау және оларды қоғамға қайта әлеуметтендіру. Маңызды іс-шараларға қатыстырып, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі таңда Петропавл қаласы бойынша есепте 300-ден астам адам тұр. Оның ішінде кәмелет жасқа толмағаны да, зейнет жасына келіп қалғаны да бар.
Меморандумның басты мақсаты – пробациядағы азаматтардың қоғаммен байланысын нығайту. Олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және өмірге деген оң көзқараспен қайта қарауына жағдай жасау. Енді олар волонтер ретінде көмекке мұқтаж жандарға көмектеседі, жұмыс таба алады, спорттық шараларға қатысады, психологиялық қолдау да қабылдай алады.
ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, “Демеу” орталығының директоры:
— Менің ойымша, қателік жасамайтын адам болмайды. Енді біздің мақсатымыз – қателік жасаған адамдарға түзелуге көмектесу. Қайталамас үшін біршама іс-шара өткіземіз. Психологиялық көмек көрсетеміз.
Жұлдыз Саттарованың сөзінше, пайдалы істер өз нәтижесін беруде.
ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, “Демеу” орталығының директоры:
— Пробация қызметімен сонау 2018-2019 жылдардан бері тығыз жұмыс істеудеміз. Есепте тұрған жандар бізден көмек алып жатады. Қазіргі таңда олардың психологиясы дұрысталып, қоғамға біршама бейімделіп қалды. Яғни, жұмыс нәтижесін беруде.
Осылайша, пробация қызметі мен қоғамдық ұйымдар арасындағы әріптестік есепте тұрған азаматтардың ортаға қайта бейімделуіне жол ашып отыр. Мұндай бастамалар олардың өміріне оң өзгеріс әкеліп, жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етпек.