Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Шенділер мен тілшілер арасында қашан да берік байланыс болуы қажет. Сонда халық қоғамдық тыныштықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан құлағдар болады. Ақтөбе облысынан ауысып келген Сыр елінің тумасы, жаңа басшы ұстанатын саясат да осы. Өз-өзін таныстырған полковник бірлесе тер төгуге дайын екенін тілге тиек етті.
АБАЙ ЖҮСІПОВ, СҚО ПД бастығы:
— Жеке басым әрбір бұқаралық ақпарат құралдары өкілімен, әлеуметтік желідегі блогерлемен, белсенді азаматтармен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өңірдегі қылмысты азайту, жол қозғалысу ережелерінің бұзу салдарынан орын алып жатқан апаттарды болдырмау мақсатында жұмыс істеуге ашықпым.
Жиын барысында ведомство бастығы Абай Жүсіпов тәртіп сақшыларымен тығыз жұмыс істеп жүрген жандарды Алғыс хатымен марапаттады. Құрметке бөленгендердің бірі – «Қазақстан» телеарнасының меншікті тілшісі Эльмира Қаленова.
ЭЛЬМИРА ҚАЛЕНОВА, «Қазақстан» телеарнасының меншікті тілшісі:
— Биыл ішкі істер министрлігі «Погон таққан журналист» атты жобасын жариялаған болатын. Мен сол жобаға қатыстым. Яғни, бір күн бойы тергеушілермен бірге тергеушінің жұмысын атқардым. Алдын ала сценарий бойынша орманда кісі өлімі болды, сол жерде кәдімгі тергеуші болып жұмыс істедім. Бүгінгі марапатым мені қуантады әрі журналистерді жақсы жұмыс істеуге ынталандырады деп ойлаймын.
Кездесу соңында Абай Қуатұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта да қалам иелерімен тығыз байланыс орнататынын жеткізді. Жиын соңында Абай Жүсіпов ақпарат саласының қызметкерлерімен естелік суретке түсті.