Петропавлдағы сауда-ойын-сауық орталығында оттың алдын алу акциясы өтті. Қаладағы «Dostyq Mall» – адам көп жүретін нысан. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мұнда тұрғындармен тілдесуді, қауіпсіздік жайлы айтуды және викторина ұйымдастыруды жөн көріпті.
Оттың алдын алу акциясына орай нысан ішінде шағын көрме қанат жайған. Өрт орындарынан алынған мұндағы фотоматериалдар мен заттар тұрғындарға бейқамдықтың бағасы қаншалықты қымбат екенін ұғындырады. Халыққа қауіпсіздік талаптары баяндалды, жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, викторина ұйымдастырылды. Сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге улы газды автоматты түрде анықтайтын датчиктер сыйланды.
РҮСТЕМ ҚҰЖЫБАЕВ, Қызылжар ауданы тұрғыны:
— Мен ата-анаммен бірге жеке үйде тұрамын. Әкем 84-ке келді, ал анам – 80 жаста. Баспанамыз пешпен жылытылады. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаймыз. Үйімізде өрттің алдын алу шаралары – үнемі назарда.
АБДУЖАППАР АБДУКӘРІМОВ, қала тұрғыны:
— Қазіргі уақытта ештеңені назардан тыс қалдыруға болмайды. Сәл абайсыздық өкінішке әкелуі мүмкін. «Сақтанғанды Құдай сақтайды» дегендей, барлық электр құралдарын уақытында сөндіріп жүрген жөн.
Мамандар акцияда ерекше назарды улы газды анықтайтын датчиктерге аударды. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін газ адамды мұрттай ұшыруы мүмкін. Негізі, бұл құрылғы әрбір тұрғын үйде орнатылуы тиіс.
АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:
— ТЖД ауа температурасының төмендеу кезеңінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте ескертеді. Жанып тұрған пешті қараусыз қалдыруға және оны балаларға сеніп тапсыруға қатаң тыйым салынады. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – адам өмірі мен мүліктің амандығының басты кепілі. Өзіңізді де, өзгені де сақтаңыз.
Айта кету керек, жылыту маусымы басталғалы департамент қызметкерлері облыс аумағында 58 мыңнан астам үйге барып, 98 мыңнан аса тұрғынмен тікелей байланыс орнатқан. Бұл – қауіпсіздік бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.