Qyzyljar creative орталығында халықаралық AITU KazRoboDrone cайысының облыстық кезеңі өтті. Оған өтініш білдірген 87 өңір тұрғыны қатысты. Олар 3 бағыт бойынша сынға түсті. Конкурстың біздің аймақта өткізілуіне себепкер болып отырған – SKO Hub орталығы. Ұйым директоры Нұргүл Болатованың айтуынша, бұл жарыс өңірдегі дрон саласының дамуына септігін тигізеді.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, SKO Hub орталығының директоры:
— Осы жылы біз 3 бағытты қамтыдық. Олар – симулятордағы дронрейсинг, авиамодельдеу және FVP мини-вуп дрондарымен жарыс. Қатысушылар бұл бағыттарда 3 жас санатына бөлінді. Жалпы, AITU KazRoboDrone конкурсын 2-ші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Сайыстың ақтық сыны Астана қаласында өтеді. Оның ұйымдастырушысы – Astana IT university. Олармен тығыз байланыс орнаттық, меморандумға қол қойылған. Енді бұл бағытта ілкімді жұмыстар атқаруға ниеттіміз.
Бүгінгі конкурсытың FVP мини-вуп дрондарымен дронрейсинг, яғни кедергілерден өту бағытында Илья Амелин қарсылас шақ келтірмеді. Жасөспірім дронды епті басқарып, кедергілерден мүдірмей өтті. Нәтижесінде жеңімпаз атанды.
ИЛЬЯ АМЕЛИН, оқушы:
— Жақында менде кішкентай дрон пайда болды. Онымен көп жаттықтым. Бұл аппарат жылдам, тез ұшады. Маған сонысы ұнады. Өткен жылы аталмыш жарыста симулятор бағыты бойынша жеңімпаз болдым. Биыл мини-вуп санатында жеңіс бұйырды, өте қуаныштымын. Енді Астана қаласында топ жаруға тырысамын.
Айта кетейік, AITU KazRoboDrone сайысының ақтық сыны Астана қаласында ақпанның 19-ы мен 20-сы аралығында өтеді. Конкурста 10 мемлекеттен келген дрон басқару шеберлері кіл мықтыны анықтайтын болады. Халықаралық конкурсқа 7-і жерлесіміз қатысады.