Жыл басынан бері облыста 37 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 5 адам қаза тапқан, оның ішінде 3 бала бар. Әр оқиға бізге сақтық пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салады. Бір сәттік абайсыздық адам өмірі мен өмір бойы жиған-тергенін жалмап кетуі мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында бүгін Ольшанка мен Якорь ауылдарында полицейлер мен құтқарушылар бірлесіп тұрғын үйлерді аралады.
Тұрғын үйлерді аралауға барлығы – 150-ге жуық қызметкер қатысты. Аязға қарамастан, олар үй-үйді аралап, әрбір тұрғынмен жеке сөйлесті, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Жалпы, мамандар Ольшанка мен Якорь ауылдарын қосқанда 900-ге жуық үйді аралауды жоспарлап отыр. Мақсат – әр отбасының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Айдана Ербисова – көпбалалы ана. Жолдасымен бірге осы үйде 4 жылға жуық тұрады. Ол қызметкерлердің кеңесін жылы шыраймен қабылдап, «осыған ұқсас тексерістер жиі болса екен» деп ризашылығын білдірді.
АЙДАНА ЕРБИСОВА, Якорь ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Мамандарға көп рахмет! Осылай келіп түсіндіріп, қауіпсіздік шараларын айтып отырсыздар. Тұрғылықты жұрттарды уайымдап, қақаған аязда келіп, ілтипат танытып жатқандарыңыз үшін ерекше алғыс айтамыз. Көп-көп рахмет!
Бір сәттік абайсыздық бәрін өртке айналдыра алады, сондықтан сақтық пен жауапкершілік аса маңызды. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Аслан Уакишев қыс мезгілінде орын алатын өрттердің негізгі себептерімен бөлісті.
АСЛАН УАКИШЕВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
— Тұрғын үй секторындағы өрттердің басым бөлігі қыс мезгіліне болады. Бұл ең алдымен, пешпен жылыту жүйесінің кеңінен қолданылуымен байланысты. Өкінішке қарай, тұрғындар әрдайым пештердің техникалық жағдайына жеткілікті көңіл бөлмей, алдын алу шараларын толық сақтай бермейді. Соның салдарынан өрттер мен төтенше жағдайлар орын алып жатады.
Айта кету керек, осындай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.