Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Кінәлі ме, кінәсіз бе?

Петропавлдық Кристина Тягельская жарты жылдан бері мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Оның жолдасы жаздың ортасында тергеу изоляторына қамалған. Тағылған айып – адамға ауыр дене жарақатын келтіру. Бұл жайт темір тордағы жары үшін күлкіден айрылған нәзікжандының қатысуынсыз орын алыпты.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

— Нәзікжандының жолдасы айыпты деп танылып, темір торға тоғытылған қылмыс далада емес, үйде жасалған. Бірнеше азамат Нұрсұлтан Назарбаев көшесі бойындағы пәтерлердің бірін жалдайды. Сонда көңіл көтереді, ішімдік ішеді. Артынша қылмыс жасалады.))

Уайымға батқан Кристинаның сөзінше, айыпталушы, яғни жолдасы бұл отырысқа бастан-аяқ қатыспаған. Ол жалдамалы пәтерге танысымен тек түнге таяу кіріп шығыпты. Сосын таңда қайта барған.

КРИСТИНА ТЯГЕЛЬСКАЯ, айыпталушының зайыбы:

— Пәтердегі жағдайды көрген жолдасымның төбе шашы тік тұрады. Баспана бастан-аяқ шашылып жатыпты. Ол көңіл көтерген екі жігітке заттарды жинастыруды және төсекте масаң күйде жатқан қызды жуындыруды бұйырады. Көп ұзамай өзі азаматшаны жуынатын бөлмеге апарады. Мұнда соққы жасамайды. Бұны жолдасым да, бірге келген танысы да, тіпті зардап шегуші де айтып отыр. Яғни, Александрдың нәзікжандының көкбауырының зақымдануына, жансақтау бөлімшесіне түсуіне қатысы жоқ.

Сот отырыстарына зардап шеккен азаматша қатысып жүр. Сұхбат беруге қарсылық танытпады. Ол жансақтау бөлімшесінен шыққаннан кейін өзіне жұдырық жұмсалған түнді есіне түсіруге тырысыпты.

Зардап шегуші:

— Мен ваннаға кіріп, суық судың астында отырдым. Өз-өзіме келуге тырыстым. Мені ол жерде ешкім ұрған жоқ. Бұл сәтті жақсы білемін. Маған Александр тиіспеді. Бұны сот отырыстарында айтып жүрмін. Әзірге нәтиже жоқ.

Зардап шегуші үйден ауырып шығады. Оны бірге көңіл көтерген жігіттердің бірі үйдің сыртына дейін шығарып салады. Сол жерде көкбауыр тұсын ұстаған жанға көшеде кетіп бара жатқандар көмек беріп, жедел жәрдем шақырады. Сонда қазір тағдыры қыл үстінде тұрған Александрдың кінәсі қандай? Ол куәгерлердің, яғни түнде қыздың қасында болған екеудің айтуы бойынша қамалыпты. Олар тергеу барысында азаматшаны айыпталушы жуынатын бөлмеде ұрғанын айтқан.

ЕРЛАН ЖАМҰЛДИНОВ, Петропавл қаласы прокуратурасы бөлім бастығының міндетін атқарушы:

— Қазір Тягельскийге қатысты іс Петропавл қаласы сотында қаралып жатыр. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 1-бөлігі бойынша қозғалды. Тағылған айып – “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру”. Ақтық шешімді сот шығарады. Біз бұдан артық ақпаратпен бөлісе алмаймыз.

Медициналық сараптама тағайындалды ма? Оның қорытындысы не дейді? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға да жауап ала алмадық. Сот отырыстары жалғасады. Жазда басталған қылмыстық іске қашан нүкте қойылатыны әзірге белгісіз.