Қоғам

Статистика департаментінің жылдық жұмыс қорытындысы

Өткен жылы өнеркәсіп өнімі көлемінің өсу қарқыны бойынша облысымыз елде 1-ші орын иеленген. Бұл жайлы жергілікті статистик мамандар ұйымдастырған брифинг барысында айтылды. Сондай-ақ, жиында ауыл шаруашылығы жайы да баян етілді. Былтыр аталған сала өкілдері жақсы нәтиже көрсетіп, 1106,6 млрд теңгенің табысын көрген екен. Соңғы жылдары ет және сүт өндірісіндегі ауылшаруашылық кәсіпорындардың үлесі артқан. Мәселен, алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайыз шамасында өскен.

МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша біздің облыс республиканың 20 өңірі арасында қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша – 4 орынды, оның ішінде өнеркәсіп көлемінің өсу қарқыны бойынша – 1 орынды, ауыл шаруашылығы бойынша – 3 орында, құрылыс бойынша 4 орынға ие болды.

Құрылыс саласына келсек, өткен жылы бұл бағытта да өсім бар. Саладағы атқарылған жұмыстардың жалпы көлемі 289,4 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп. Құрылыс жұмысының көлемінде жекеменшік нысандардың үлесі басым.

МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

— Өткен жылдың 12 айында Айыртау ауданында сүті өңдеу кәсіпорны пайдалануға берлді. Одан бөлек, Аққайың ауданында ет өндіру бағытындағы құс фабрикасы, астық қоймасы, шағын орталық, мәдениет үйі, әкімшілік-тұрмыстық кешен, антенналық-діңгек құрылымы жасалды.

Өңірдегі бөлшек сауда көлемінің жартысынан астамын азық-түлік емес тауарлар алып отыр. Бұл – 448,4 млрд теңге. Яғни, өткен жылы аталған көрсеткіш 6,3 пайызға артса, керісінше азық-түлік тауарларын өткізу көлемі 7,3 пайызға азайған. 12 айдың ішінде көтерме сауда көлемі ұлғайыпты.

МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

— 2025 жылғы қаңтар-желтоқсандағы көтерме сауда көлемі 728,5 млрд теңгені құрап, салыстырмалы бағамен 2024 жылғы қаңтар-желтоқсаннан 20,3 пайызға артық.

Өңірде өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінде өсім байқалған. Құйылған қаржы көлемі 609 млрд теңгені құрапты. Басым бөлігі – кәсіпорындардың жеке қаржысы. Сондай-ақ, облыста шағын және орта кәсіпкерлік қатары толығып, субъект саны 35 жарым мыңнан асқан. Нысандарда 107 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.