Кәсіпкерлер бұрын 20 пайыз мөлшерінде корпоративті табыс салығын төлеу керек болды. Ал жаңа Салық кодексіне сәйкес, биыл мемлекеттік алым 25 пайызға өсті. Сонымен қатар, қазір ұйымдарға бұрынғыдай жоспарлы тексерулер жүргізілмейді. Мамандар әр іскер жанға ескертпей келеді. “Respublica” партиясы жанындағы әйелдер қоғамдастығының мүшелері өз кәсібі бар нәзікжандыларға арнап жиын өткізді. Мұнда орын алған өзгеріс жайлы кеңінен айтылды.
ӘСЕЛ САМАРАТОВА, “Re.Women” әйелдер қоғамдастығы СҚОФ төрағасының орынбасары:
— Біз әйелдердің білім алуына күш салғымыз келеді. Кейбірі қайда бару керек, кімнен ақпар алу қажеттігін білмейді. Әсіресе, Салық Кодексіне келген кезде көбі шатасып жатады. 4 айдың ішінде жаңа құжатты түсіндіру мақсатында 3 шара өткіздік. Маңызды жиындарға 300-ден астам нәзікжанды қатысты.
Шараның ерекшелігі – тек ақпарат беру ғана емес. Әр қатысушы өз сұрағын тікелей сала өкілдеріне қойып, нақты жауабын алды. Камералдық бақылау, салықтық тексерулер мен берешекті кейінгі қалдыру тәртібі секілді күрделі мәселелер ашық талқыланды. Мамандардың айтуынша, салық органдарының басты бағыты – жазалау емес, кеңес беру және түсіндіру.
ЮЛИЯ МАКСАЙМЕР, кәсіби есепші:
— Биылдан бастап кәсіпкерлер салықтық есепті бұрынғыдай тоқсан сайын емес, жылына бір рет тапсырады. Бірыңғай жер салығы жойылды. Мүлікті сатқаннан кейін төленетін салық мерзімі де ұлғайтылды. Салық Кодексінде жеңілдіктер көбейді. Негізінен, бұл өзгерістер ел экономикасы мен бизнестегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Мұндай форматтағы ашық диалог алаңдары қоғам мен мемлекетті жақындастырып, салық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Өңірде осы бағыттағы ақпараттық жиындар жалғасын таппақ.