СҚО-да учаскелік инспектор аязда адасып кеткен азаматты құтқарды. Оқиға желісіне тоқталсақ, 14-ші қаңтарға қараған түні Жамбыл ауданында ауыл тұрғынының жоғалып кеткені туралы полицияға хабар түсті. Ер адам таныстарының үйіне барып, қайтар жолда бағытынан жаңылып қалған. Сол түні ауа температурасы -30 градустан төмен болыпты. Хабар түскеннен кейін елді мекеннің учаскелік полиция инспекторы Бекзат Қайсаев дереу іздеу жұмыстарына кірісті. Полицей шамамен 30 минуттың ішінде жоғалған азаматты ауылдың жарықтандырылмаған көшесінен тауып алған. Зардап шеккен жан қатты тоңып, ес-түссіз күйде болды. Оған алғашқы көмек көрсетіліп, бірден медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта ер адам дәрігерлердің бақылауында.