СҚО-да автокөлікті заңсыз иемденудің алдын алуға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара бастау алды. «Айдап әкетуді тоқтату» деп аталатын шара небәрі 3-ақ күн өткізіледі екен. Үш күннің ішінде полиция қызметкерлері ауқымды іс атқарамыз дейді. Есігі құлыпталмаған, қозғалтқышы қосулы және қараусыз қалған автокөліктерге ерекше назар аударылмақ. Яғни мамандар мүлік иелерімен жүздесіп, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және көліктерін қараусыз қалдырмауға шақырады.
ӘЙГЕРІМ ӘШКЕН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:
— Автокөлікті қараусыз қалдырмаңыз. Есіктері мен терезелерін әрдайым жауып жүріңіз. Кілттер мен құжаттарды көлік салонында қалдырмаңыз. Дабыл жүйесін пайдаланыңыз. Күмәнді жағдайлар орын алса, дереу 102 нөміріне хабарлаңыз. Құқық бұзушылықтардың алдын алу – ортақ міндет.