Білім

Қозыбаев университетінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға арналған жиын өтті

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі – заң мен тәртіп. Осы қағидатты жастар санасына сіңіру мақсатында Қозыбаев университетінде іс-шара ұйымдастырылды. Арнайы телемост қыз-жігіттер арасындағы қылмыстың алдын алуға, құқықтық сана мен мәдениетті арттыруға бағытталды.

АСАНӘЛІ ЖАНАТҰЛЫ, Қозыбаев университеті Студенттік үкіметінің президенті:

— Әлеуметтік желілерде нашақорлықты насихаттайтын парақшалар күн санап көбейіп келеді. Олар жастарды арбау, алаяқтық әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында қомақты қаржы ұсынады. Сондықтан, мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алудың ең тиімді жолы – жүйелі профилактикалық жұмыстарды күшейту.

Телемостқа Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, облыстық прокуратура өкілдері және Қозыбаев университетінің студенттері қатысты. Шараға алаяқтық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты сотталған жандар онлайн форматта қосылып, өз өмірлеріндегі ауыр кезеңдермен бөлісті. Сонымен қатар, түзету мекемесінде университет студенттері үшін экскурсия ұйымдастырылған. Онда жастар заң бұзған жандар үшін жағдаймен танысу мүмкіндігін иеленді.

РАУАН ТУҒАНБАЙ, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:

— Аталған іс-шаралардың жастарды заңға бағынуға және құқық бұзбауға тәрбиелейтініне сенімдіміз. Мысалы, осы жылдың қаңтар айын өткен жылдың қаңтар айымен салыстырсақ, есірткі тасымалдау мен алаяқтық деректері 30-40%-ға азайғанын атап өткен жөн. Мұндай профилактикалық шаралар прокуратура тарапынан жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Айта кеткен жөн, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен шараға 500-ге жуық білім алушы қатысты. Осындай іс-шара алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.