Білім

Есіл ауданында екінші креативті орталық ашылды

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыру мәселесін сөз етті. Биыл еліміз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салады. Бұл – ел болашағына тікелей әсер ететін әрі оның дамуына айрықша серпін беретін бастама. Атқарылып жатқан жұмыстың бір дәлелі – Есіл ауданындағы Корнеевка ауылында ашылған жаңа IT-орталық.

КОНСТАНТИН КОЛЫВАНОВ, «Terencol» креативті орталығының басшысы, Есіл ауданы:

— Креативті орталық барлық ауылдық округ тұрғындарының игілігіне пайдаланылатын болады. Бұған дейін бізде 5 жыл бойы робототехника сыныбы жұмыс істеді. Сол себепті, осы салаға қызығатын жастар көп. Енді олар заманауи нысанда жаңа жобаларын жетілдіріп, жан-жақты дамиды.

Қазіргі таңда IT-орталықта 32 бала білімін шыңдайды. Олардың қатарында Виолетта Шарикова да бар. Мектеп оқушысы – облыстық, аудандық сайыстардың жеңімпазы. Оның «Кузя» есімді роботы жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар, заманауи орталықта 3D принтермен жұмыс істейтін жас жеткіншектер де бар. Арсений Токарев пен Ксения Кошевая бұл құрылғы арқылы неше түрлі жануарлардың кішірейтілген пішінін айнытпай сала алады.

КСЕНИЯ КОШЕВАЯ, оқушы, Есіл ауданы:

— Біз осы 3D принтер арқылы көптеген роботтың корпусын құрастырып бере аламыз. Сонымен қатар, кез келген нысанның кішкентай көшірмесін жасаймыз. Алдағы уақытта осы бағыт бойынша өзімді шыңдағым келеді.

Айта кетейік, осыған дейін Есіл ауданындағы Покровка ауылында да жаңа креативті орталық ашылған болатын. Заманауи нысанда жастар жаңа агротехнологиялармен танысады.