Қазіргі цифрлық дәуірде жастарға әлемнің барлық мүмкіндіктері ашық. Бірақ осы кеңістік тек мүмкіндіктермен емес, жасырын қауіп-қатерлерге де толы. Бір сәттегі абайсыздық немесе сенімсіздік адамның өмірін, болашағын түбірімен өзгертіп жібереді. «Ақша тез келеді» деген жалған ұғым – жастар үшін тартымды көрінгенімен аса қауіпті. Бұл тек қаржылық шығын әкеліп қана қоймай, сенім мен абыройға нұқсан келтіріп, заң алдындағы жауапкершілікке әкеледі. Қауіптің алдын алу – білімде. Құқықтық және цифрлық сауаттылық – әр адамның өз өмірін, болашағын қорғаудың басты қаруы. Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде жастарға арналған жиын өтті. Студенттерге «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында интернеттегі қауіп-қатер мен қаржылық жауапкершілік туралы түсінік берілді.
ГЛЕБ ФОМКИН, Е.Дәуітов атындағы қалалық қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:
— Мұндай кездесулердің маңызы зор. Қазір түрлі алаяқтық тәсілдер көбейіп кетті, алданбау керек. Өзім дропперлікке кез болған жоқпын, бірақ алаяқтардан келетін қоңырау, түрлі СМС-хабарламалар мен мессенджер арқылы жазылған хаттарды көрдім. Егер кездейсоқ алаяқтардың тұзағына түсіп қалсаң, бірден полицияға хабарлап, бәрін баяндап берген дұрыс.
Студенттер бұл кездесуді тек тыңдау емес, ойлану, өз әрекеттерін сараптау мүмкіндігі ретінде қабылдады. Олар заңды білу мен қаржылық жауапкершіліктің маңызын, интернеттегі күмәнді ұсыныстардан сақтануды үйренді.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
— Жастарға осындай әрекеттердің заң алдында ауыр жауапкершілікке әкелетінін ұғыну маңызды. 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-баптың 1-тармағы енгізіліп, заңсыз схемаларға тарту және оларға қатысу қылмыс ретінде белгіленді. Бұл норма мұндай әрекеттерге қатаң жаза қолдануды көздейді. Аталған бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кеткен жөн, 2025 жылы Петропавлда 654 қылмыс тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13% аз. Бірақ келтірілген шығын екі есеге өсті – 700 млн-нан 1,4 млрд теңгеге жетті. Бұл деректер заң мен тәртіптің тек қағаздағы ереже емес, әр адамның өз өмірі мен болашағын қорғау құралы екенін көрсетеді.