Қалалық жастар ресурстық орталығы мамандарының бастамасымен Жаңа жыл қарсаңында балалар арасында “Эко-жембергіш” атты байқау ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – балалардың қорғашан ортаға, табиғатқа және құстарға деген қамқорлығын арттыру. Байқауға қатысқан балалар өз қолдарымен экологиялық таза материалдардан құстарға арналған үйшіктер жасаған. Дайын жұмыстарын фотоға түсіріп, ұйымдастырушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларына жіберген. Аталмыш бастама көпшіліктің қызығушылығын тудырып, акцияға қатысушылар саны да бұрынғыға қарағанда басым болыпты.
АБДУҒАППАР СМАИЛОВ, оқушы:
— Құстар – біздің досымыз. Оларға қамқор болуымыз қажет. Маған үйшікті жасауға анам көмектесті, оны бір күн ішінде жасап шықтық.
САНЖАР ЕРКІН, оқушы:
— Үйшікті жасауға анам мен қарындасым көмектесті. Жұмысым картон қағаздан жасалған. Оны екі күн ішінде істедік. Негізі, мен құстарды қатты жақсы көремін. Суықта олар жаурамасын деп үйшік жасауды шештім”.
Ұйымдастырушылар қатысушылардың еңбектеріне жоғары баға берді. Олардың айтуынша, бұл экоакция балалардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастыруға, сондай-ақ қыста құстарға қамқорлық танытуға бағытталған.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Жасалған үйшіктерді біз осы “Жеңіс” саябағындағы ағаштарға іліп қоямыз. Кейін құстар сол жерлерді паналап, суықтан қорғанады. Ұл-қыздардың еңбегін бөліп-жарғымыз келмеді. Сол себепті, баршасына сыйлықтар мен алғыс хат бердік. Барлығы – 30-ға жуық еңбек қабылданды. Арасынан үздігін таңдап алу қиынға соқты, өйткені бәрі бір-бірінен асып түседі. Өскелең ұрпақтың осындай дарынды және жанашыр екені бізді қатты қуантады.
Алдағы уақытта балалар арасында осындай экологиялық бағыттағы шаралар өз жалғасын табады деп сендірді ұйымдастырушылар.