Теміржол бойында тәртіп талап етіледі. Ол әр адамға қатысты. Себебі, поезд маңындағы жауапсыздық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Қазіргі таңда облыс аумағында “Көліктегі қауіпсіздік” жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Оның аясында Петропавл станциясының көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындармен тілдесіп, ескертпе қағаздар таратты. Жаднамаларда вокзал аумағында қауіпсіздік ережелері жазылған.
ДУЛАТ ДІРКЕНОВ, Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің бастығы:
— Іс-шараның мақсаты – поездарда және теміржол нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Іс-шара 19-шы қаңтар күні басталды. Шара аясында 2 күннің ішінде 29 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жыл артқан сайын облысымызда теміржол мен әуежай бойындағы ережені ескеретін жандардың қатары азайып келе жатқанға ұқсайды. Бұлай деп сенімді сөйлеуімізге соңғы 12 айдағы статистика дәлел. Былтыр Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында 3 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл 2024-тегі көрсеткіштен 10 пайызға көп. Жазаланғандардың дені – ішімдік ішкен, қоғамның берекесін алған жандар. Арасында теміржолды бірнеше рет кесіп өткендер де бар. Көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері азаматтарға вокзал аумағында қандай талаптарды сақтау керектігін түсіндірді. Шенділер тәртіп бұзған тұрғындарға 40 млн теңгеден астам айыппұл салған. Бүгінгі күнге дейін бұл соманың басым бөлігі өндіріліп алыпты. Рейд кезінде бұзушылықтар тіркелді. Көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері біздің көзімізше жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен тұрғынды ұстап, айыппұл салды.