Арқаны кеңге салуға асықпаған жөн! Жерлестеріміз жақында ғана болған аяздан ес жиып үлгермей, өңірге тағы аяз келді. Синоптиктердің мәліметінше, күндіз ауа температурасы -30 градусқа жетсе, түнде -33-38 градусқа дейін төмендейді. Сондай-ақ, қар жауып, тұман түсіп, боран соғуы мүмкін. Мұндай ауа райы апта соңына дейін сақталады. Бүгін кейбір мектеп оқушылары қашықтықтан оқып жатыр. Негізінен, 9-шы сыныпқа дейінгі оқушылар онлайн форматқа ауысыпты. Алдағы күндері аяздың күшеюіне байланысты барлық балалар уақытша қашықтықтан оқуы мүмкін. Бұл жөнінде белгілі бір кестеге сәйкес әр мектеп басшылығы шешім қабылдайды.