Білім

Президент: “Білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция саламыз”

“Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция саламыз”. Қызылордадағы V Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президенттің айтуынша, адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл мәселе ел дамуының қазіргі тарихи, бетбұрыс кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсер етеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет.

Стратегиялық міндетке жүрдім-бардым қарауға болмайды. Президенттің батыл ойы осыны ұғындырады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуі тиіс. Тілге тиек етсек, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға оң әсер етуі қажет. Айтылғанды қалалық №29 орта мектептің директоры Сәуле Тұрсынова құптайды.

СӘУЛЕ ТҰРСЫНОВА, қалалық №29 орта мектептің директоры:

— Президенттің Құрылтайда айтқан талаптары болашақ мектептердің даму бағытымен сәйкес келеді. Соның ішінде ең бастысы – цифрландыру және жасанды интеллектпен жұмыс істеу. Мемлекет басшысының сөзімен толық келісемін. Бүгінгі таңда өткен тарихты ЖИ арқылы жеткізу, оны оқушылардың санасына заманауи тәсілмен сіңіру – мұғалімдердің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Бұл тұрғыда нақты ұсыныстарға сүйеніп, бірлесе әрекет еткен жөн. Сонда халқымыздың болашағына тікелей әсер ететін міндет орындалып, оң нәтиже орын алады. Теріскейлік білім саласының өкілдері осындай пікір білдіруде.