Спорт

Петропавлда ұстаз Дәулет Тоққожинді еске алуға арналған үстел теннисінен турнир өтті

Петропавлдағы Теннис орталығында Дәулет Тоққожинді еске алуға арналған үстел теннисінен турнир өтті. Жарысқа Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, ұстаздары және ата-аналары қатысты. Сайыс жылда ұйымдастырылады. Өмірден өткен азамат – білім ордасында дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметін атқарған, балалардың, әріптестерінің құрметіне бөленген жан.

ҚАНАТ БӘСЕНОВ, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ оқушысы:

— Мен үстел теннисімен 2016 жылдан бастап айналысамын. Осы жарыс маған өте ұнады. Жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар мықты, әр ойын тартысты болды.

Жарысқа қатысушылар командаларға бөлінді. «Ұрпақ», «Есіл», «Евней Бөкетов» шаңырақтары мен басқа да топтар қызықты әрі тартысты ойындар ұсынды. Жанкүйерлер қолдарына ракетка ұстап, сайысқа түскен ойыншыларға барынша қолдау көрсетті. Айта кету қажет, турнирдің демеушілері – Дәулет Тоққожиннің әріптестері, туыстары, достары.

АЙНАГҮЛ ТОҚҚОЖИНА, Дәулет Тоққожиннің зайыбы: 

— Биыл Дәулет Тоққожинның дүниеден озғанына 7 жыл толады. Мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар бұл күнді ұмытпай, жыл сайын турнир ұйымдастырады. Барлығыңызға алғысымды білдіремін.

Жарыс қорытыңдысы бойынша 1-ші орынды «Ұрпақ» шаңырағы иеленді. Жеңімпаз бен жүлдегер ұжымдарға бағалы сыйлықтар табысталды.