Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тілсіз жаудың алдын алу жұмыстарына жаңашылдық енгізді. Олар үйлерді аралап, халықпен жай ғана тілдеспейді. Жақында ғана облыс аумағында тіркелген өрт оқиғаларының суреттерін көрсетіп, адам шығыны жайлы баяндайды. Бұл тәсіл кез келген жанды ойландырады, қауіпсіздіке мән беру қажеттігін ұғындырады. Мамандар “Жұмысшы” кентінде табалдырық аттаған үйлердің басым бөлігі ескірген. Мұндай баспаналарды пешпен жылыту кезінде аса мұқият болу қажет. Себебі, қызыл жалын кез келген сәтте бөлмелерге тарап кетуі мүмкін.
МАКСИМ АЛЕКСАНДРОВ, қала тұрғыны:
— Бұл үйде 2 айға жуық тұрамын. Үйді негізінен көмірмен жылытамын. Қауіпсіздік талаптарын сақтаймын, отты қараусыз қалдырмаймын. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары сақтық жайлы айтты. Олардың айтқандарымен келісемін.
Қауіптің қайдан келетінін бес саусақтай білетін мамандар үйлерді асқан қырағылықпен бақылады. Негізгі алдын алу шараларын қарапайым тілмен түсіндірді. Бұларды әр адам ой дәптеріне түртіп алуы қажет.
ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Әр үйге кіріп, тұрғындармен тілдесіп жүрген мамандардан негізгі ақауларды сұрадық. Бірінші кезекте пештің жағдайына мән беру қажет. Онда жарықтар болмағаны абзал. Себебі, дәл осындай ақаулардан улы газ бен қою түтін тарап, адамдардың тұншығуына әкелуі мүмкін.
Мұндай жағдайда пеш күрделі жөндеу көруі қажет немесе бұзып, қайтадан салған жөн. Бұл істі кәсіби мамандарға сеніп тапсырған жөн. Егер жұмысты сапасыз атқарылса, адамның өміріне қайтадан қауіп төнуі ықтимал.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
— Тұрғын үйлерді аралау барысында анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі пеш, электронды плита, жылытқышқа қатысты. Атап айтқанда, түтін мұржасы мен шатырдың жанғыш құрылымдары арасында белгілі бір қашықтық болуы керек. Бұны кәсіби мамандар жақсы біледі. Жарықтар жойылуы міндетті. Сосын пештің алдында темір қаңылтыр төселуі қажет. Ол шоқ, көмір немесе отын түскен жағдайда оттың таралуына жол бермейді.
Пеш мұржасын тазалау – негізгі талаптың бірі. Егер түтін жолдары бітелсе, үйдің ішіне жағымсыз иіс тарайды. Мамандар қауіпсіздік бағытындағы рейдті алдағы күндері де өткізбек.