Қоғам

Қасым-Жомарт Тоқаев: “Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізіледі”

Біз бір ел, бір халық болып қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз. Ұлттық құрылтайда осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бастамалар жалпыхалықтық референдумда қолдау тапқан жағдайда еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтеріледі деді. Мемлекет басшысы Конституцияға біршама өзгеріс енгізілгенін қалайды. Тек халық қолдаса болғаны.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33-бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын.

Президенттің сөзінше, біз шын мәнінде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Комиссия құрамына 100-ден астам адам кіреді. Оның ішіне Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдарының басшылары мен аймақтық мәслихат төрағалары кіреді. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Әр саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар әр ұсынысты сараптап, қорытып, нақты жоба әзірлейтін болады. Белгілі жазушы, журналист Жақсыбай Самрат Мемлекет басшысының бұл ұсынысын толықтай қолдайтынын жеткізді.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:

— Ономастика тұрғысынан заң өзгергенін қалаймын. Себебі, біз көше немесе елді мекен атауларын өзгерткен кезде халықпен ақылдасамыз. Ономастикалық комиссия шешімді өздері шығару керек деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ауқымды өзгерістер халықтың тұрмысын жақсартып, оң өзгерістерге жол ашады деп есептейді.