Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралған жиын өткізді. Жоспар мал басын көбейтуге, өнімділікті арттыруға және экспортты ұлғайтуға бағытталған. Қазіргі таңда мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды. Алдағы уақытта кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, ет өндірісінің 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсуі және оның экспортының 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтілуде.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асылтұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылым инфрақұрылымын дамытуға 6% мөлшерлемемен 50 млрд теңге бөлінеді. Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-дық жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр. Сондай-ақ, мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, 5%-дық жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар, кардлық қамтамасыз ету, шопандар мен бақташыларға 55 жастан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер, мамандарға тұрғын үй салу, маркетингтік инфрақұрылым мен ветеринарлық қауіпсіздікті дамыту көзделген. Жоспар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, баға тұрақтылығын сақтауға, қайта өңдеуді дамытуға бағытталған. Премьер-министр Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі жөніндегі тапсырмаларының орындалуына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жердің ұтымды пайдаланылуын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Астық егетін үш өңір бойынша 330 шаруашылық жоғары бақылауда. Жиын қорытындысы бойынша Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады.