Құқық қорғау органдары

СҚО жолдарында жылдамдықты бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді

Облыста жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа «зияткерлік» жылдамдық өлшеу жүйесі іске қосылды. Бұл кешен автокөліктердің орташа жылдамдығын автоматты түрде есептеп, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін дәл тіркейді. Енді жүргізушілер тек камера орнатылған аумақта ғана емес, бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдықты сақтауға міндетті, өйткені техниканы алдап өту мүмкіндігі жойылды.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:

— Өңірдегі республикалық маңызы бар «Жезқазған-Арқалық-Петропавл» автожолының Покровка мен Николаевка ауылдары арасындағы бөлігіне көлік құралдарының орташа жылдамдығын мемлекеттік нөмірді тану арқылы автоматты есептейтін заманауи кешен орнатылды. Бұл учаскеде белгіленген жылдамдық шегі – сағатына 100 километр.

Өткен жылдың қорытындысы бұл жол бөлігінің облыстағы ең қауіпті учаскелердің бірі екенін көрсетті. Алдағы кезеңде аталған трассаны заманауи бақылау құралдарымен қамту ауқымын кеңейту көзделіп отыр. 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысының республикалық маңызы бар автожолдарында 117 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 46 адам қаза тауып, 200 адам түрлі жарақат алған. Өңірдегі апаттардан болатын әр екінші өлім жағдайы дәл осы республикалық трассаларда орын алған.