Жаңа жыл мерекесіне орай безендірген шыршаларды қайда тастаймыз? Әрине, үйімізге кеше ғана сән берген жасыл желек бүгін қоқыстан табылады. Мұндай сәтте бойымызда өкініш сезімі пайда болатыны жасырын емес. Қуанышымызға орай, Петропавлда қалдықтар арасынан табылған шыршалар пайдаға асады. Петропавлда жаңажылдық шыршаларды жинау бойынша экологиялық акция өтті. Арнайы мамандар қоқысқа тасталған жасыл желекті жүк көліктеріне артып, «Тепловское» орман шаруашылығына жеткізеді. Мұнда тамырына нәр барған кезде құлпырып, хош иіс бөлген, ал мереке қарсаңында кесіліп, қазір сарғыш тартқан ағаш азыққа айналады.
ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Көп ұзамай даланы басқан қар қалыңдай түседі. Жабайы жануарларға азық табу қиындайды. Сол себепті табиғат жанашырлары мен орманшылар жануарларға арналған азық дайындау жұмыстарына кірісті. Азық ретінде сіз бен біз Жаңа жыл мерекесіне орай безендірген шыршалар қолданылады.
Шыршалардың бұтақтары шабылады. Адамның бойымен бірдей ағашта бірсыпыра жасыл желек бар. Алдағы уақытта бұлар «Тепловское» орман шаруашылығы аумағындағы арнайы алаңдарға жеткізіліп, жануарларға беріледі. Суықта, дүлей жел мен қалың қарда ұсынылған C дәруменіне бай азық – елік, бұлан, қоян сынды табиғат сұлуларына тапсырмас қорек.
ГЕННАДИЙ БЕГИШЕВ, «Тепловское» орман шаруашылығының басшысы, Қызылжар ауданы:
— Қыс мезгілінде қар шамадан тыс көп түссе, жануарлар қиналады. Тіпті, қырылып қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайлар бұрындары орын алды. Сондықтан6 оларды қосымша азықтандыру жұмыстарын қолға алып отырмыз. Азықты арнайы жем-шөп алаңдарына жеткіземіз. Биыл Ресейде қар жиі жауып жатыр. Сол жақтағы жануарлар біздің төңірекке өтуі мүмкін. Яғни, біз қорек қорын ұлғайтуымыз қажет. Өткізілген акцияны құптаймыз.
Экологиялық акция дәстүрге айналды. Биыл игі бастама өтер алдында қала әкімшілігі хабарлама жариялап, тұрғындарға үйдегі шыршаларды уақытылы шығаруды ескертті. Бұған біреу құлақ асқаны, ал енді біреу қол сілтегені айдан анық. Жасыл желекті жәшікке жеткізе алмаған жандарға акцияға жауапты мамандардың айтары бар.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Бұған дейін біз тұрғындарға 20-шы қаңтарға дейін шыршаларды жаңажылдық әшекейлерден алдын ала тазартып, қоқыс жәшіктерінің жанына жинау қажеттігі жөнінде ескерткен болатынбыз. Ал 20-сы қаңтардан кейін абаттандыру ережелеріне сәйкес талапты бұзған тұрғындарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, айыппұл салынуы мүмкін.
Бұл акция – халықтың бірлігін арттыратын, табиғат әлеміне, қоғамдағы тазалыққа көңіл бөлуге шақыратын нақты іс-шара. Жергілікті билік келесі игі бастаманы келесі жылы да қолға алмақшы.