Білім

Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-ші сыныпқа іріктеу жүріп жатыр

Петропавлдағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 7-ші сыныпқа қабылдау жүріп жатыр. Науқан 9-шы ақпанға дейін жалғасады.

СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ мектебі директорының орынбасары:

— Біздің мектеп оқушыға сапалы және тегін білім алуға мүмкіндік береді. Бұл мектеп толықкүндік. Білім қабырғасында неше түрлі үйірмелерге қатысып, ғылыми жұмыстармен де айналыса алады.

Іріктеу екі негізгі бағыт бойынша өткізіледі. Бірінші күні үміткерлер математикалық сауаттылықтан тапсырмалар орындайды. Ол оқушылардың логикалық ойлау қабілетін, мәтінді түсінуі және талдау дағдыларын анықтауға бағытталған. Ал екінші күні үш тілден тест тапсырады. Байқауға қатысу үшін үміткерлер алдын ала онлайн немесе оффлайн түрде тіркелулері қажет. Кейін емтихан белгіленген талаптарға сай наурыз айының 27-сі мен 28-і күндері аралығында өтеді. Қалалық 4-ші орта мектептің оқушысы Самия Мажитова ендігі оқу жылын осы жерден бастағысы келеді.

САМИЯ МАЖИТОВА, үміткер:

— Мен Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқығым келеді. Себебі, мұнда берілетін білім сапасы аса жоғары әрі оқушы бірнеше тіл меңгеріп шығады, түрлі жоба жазады. Нәтижесінде шетелде оқуға мүмкіндік артады. Мені информатика мен математика пәндері ерекше қызықтырады. Бос уақытымда бимен және фортепианомен айналысамын. Алға қойған мақсатым – грант ұтып алып, осы мектептің беткеұстар оқушыларының бірі болу.

Самияның анасы Гюзеля Мажитова да қызының заманға сай білім алғанын қалайды.

ГЮЗЕЛЯ МАЖИТОВА, үміткердің анасы:

— Әр ата-ана баласының жақсы жерде оқып, сапалы білім алғанын қалайды. Сол себепті, бүгін қызыммен осы жерге өтініш жазуға келіп отырмыз. Самия – 7 баламның үшіншісі. Бауырлары басқа мектепте оқиды. Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсу – қызымның өз қалауы.

Іріктеу қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған оқушылар Назарбаев Зияткерлік мектебінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Былтыр 100-ден астам оқушы грант ұтып алған. Қазіргі таңда аталған білім ордасында 700-ден астам ұл-қыз тәлім алуда. Одан бөлек мұнда 136 орындық тегін жатақхана бар. Жас ұрпақ тегін әрі сапалы аспен де қамтылған.