Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Бұл – алты Алашты алаңдатқан мәселелер көтерілетін алқалы жиын. Келелі кездесудің шымылдығын ашқан Президент бұған дейін Ұлытауда, Түркістанда, Атырау мен Көкшетауда ұйымдастырылған басқосуларға қорытынды жасады. Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Мысалы, ұсыныстар негізінде Қазақстанда 26 заң қабылданды. Көпшілікпен талқыланып, тиісті мөрі басылған құжаттар қоғамдағы кеселдерді жоюға, тұрақтылықты сақтауға, еңбек адамдарының беделін арттыруға арқау болды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті. Бұдан бөлек біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық.
Сыр еліндегі жиыннан соң да елімізде маңызды өзгерістер орын алмақ. Ұлттық құрылтайдың V отырысы кезінде Мемлекет басшысы бірнеше ұсынысты тілге тиек етті. Қазақстанда жаңа бірпалаталы Парламент құрылады және оған атау беріледі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Құрылтай” деген атауды беру қажет деп есептеймін. “Құрылтай” сөзінің мағынасы халқымызға түсінікті, жақын.
“Құрылтайға” қанша депутат мүшелік етпек? Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұсқа да тоқталды. Шешім қабылданар алдында бұл мәселе жан-жақты зерттеліпті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Әлемдегі озық тәжірибелерге сүйенсек, депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Мәселе санда емес, сапа. Парламентте нағыз отаншыл азаматтар, білікті мамандар отыруы тиіс. Парламенттегі мандат саны 145 болуы қажет деген байламға келдік.
Мемлекет басшысы “Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады”, – деген де пікірі білдірді. Тағы бір өзгеріс күтіледі. Елімізде Халық кеңесі құрылады. Мемлекеттегі ең жоғары консультативтік орган Ассамбеля мен Ұлттық құрылтайдың орнын басады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды миссиялары іс жүзінде орындалды деуге болады. Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Жаңа органның қызметінде Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық сабақтастығын, яғни Қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті нығайтуды сақтау өте маңызды деп санаймын.
Қазақстанда Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылып, Вице-президент лауазымы пайда болмақ. Оны Президенттің өзі тағайындамақ. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылым, білім беру, авиация саласы сынды қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ойымен бөлісті.