Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында дәл осындай мәлімдеме жасады. Соңғы жылдары аталған салаларға ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта бұрын-соңды болмаған шаруалар қолға алынбақ.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Екі жылдың ішінде 3 облыста су жаңа театрлар бой көтереді. 2 үлкен өнер ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 3 жылдың ішінде елімізде барлығы 100-ден астам мәдениет ошағын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Бұл маңызды жұмыстар қазақ өнерін әлемге паш етуге септігін тигізеді. Саналы ұрпақ қалыптастыруға да көмегі зор.
Өткенді білмей, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Мемлекет басшысы алқалы жиында қазақтың тарихи нысандарын қайта жаңғырту қажеттігін айтты. Президенттің бұл сөзімен өңіріміздің мәдениет саласында бірнеше жыл бойы басшылық қызмет атқарған Кемел Оспанов толықтай келіседі. Азамат жастарға арналған өткенімізден сыр шертетін танымдық шаралар көптеп өткізілгенін қалайды.
КЕМЕЛ ОСПАНОВ, “Қоғамдық келісім” КММ басшысы:
— Әр мемлекеттің халқы өз тарихынан хабардар болмаса, болашағы бұлыңғыр болады деп айтуға болады. Осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылса, бүкіл әлемге танымал болар едік. Себебі, Қазақстанның дүниежүзіне көрсетері көп.
Тұғыры биік, болашағы жарқын еліміздің тарихын әлемге паш ету үшін кино түсірген аса маңызды. Бұл – қоғамдық даму және ақпарат ортағының маманы Мұса Әубәкіровтің пікірі.
МҰСА ӘУБӘКІРОВ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
— Қазіргі заманда көп оқырман жинау үшін креативті дүниелерге баса назар аударған жөн. Өз басым әр өңір өз тарихы жайлы кино түсіру қажет деп ойлаймын. Мәселен, біздің облыста ел басқарған тұлғалар, батырлар мен зиялы қауым өкілдері жетерлік. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ та артық болмас еді.
Ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл – дұрыс емес. Мемлекет басшысы Абай, әл-Фараби сынды ойшылдарымыздың сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру қажеттігін айтты.