СҚО әкімдігі

Қ.ТОҚАЕВ: «Таза Қазақстан» ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды

Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан»
акциясының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, тазалықты патриотизмның айнымас бөлігі деп атап өтті. Себебі, Отанын сүйетін азамат оны таза ұстайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.

Осы орайда қоғам белсендісі Дамир Абдин Мемлекет басшысының сөзіне қатысты өз пікірін білдірді. Айтуынша, жастар бұл бастаманы қолдайды әрі «Таза Қазақстан» акциясын жалғастырып, оны барша өңір тұрғындарына насихаттайтынын жеткізді.

ДАМИР АБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Бұл бастама 2024 жылдың көктемінде қолға алынды. Сол уақыттан бері көптеген акция ұйымдастырып, қаланы тазартуға зор септігімізді тигіздік. Осы жылы да біз ауқымды іс-шаралар өткіземіз. Мемлекет басшысының сөзімен толықтай келісемін. Себебі, «Таза Қазақстан» – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі.

Бұл тұжырымды «АМАNАТ» партиясының мүшесі Сәлімхан Сәбитов те қолдайды. Айтуынша, тазалық іс-шаралары қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуына септігін тигізеді.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ ,«АМАNАТ» партиясының мүшесі:

— Жалпы, бұл акция арқасында жастар ғана емес барлық Қазақстан Республикасының азаматтары арасында қоқыс мәдениетінің қалыптасуына әсер етеді.

Өткен жылы өңірде 1 мыңға жуық тазалық акциясы ұйымдастырылып, 100 тоннадан астам қоқыс жиналған.