Мәдениет

Петропавлда «Закладчики. Мать» фильмінің тұсауы кесілді

Петропавлда «Закладчики. Мать» фильмінің тұсауы кесілді. Туынды есірткі бизнесіне, нашақорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға негізделген. Мұнда алдымен заңның ала жібін аттап, темір торға түскен нәзікжандының өмірі суреттеледі. Ол бостандықта зиянды заттарды жасырған. Ал тар қапаста өкініш өзегін өрттейді. Берген сұхбатында көзіне жас алады, темір тордың ар жағындағы балаларын сағынғанын айтады. Фильмде тағы 2 адамның қилы тағдыры айтылады. Олар да оңай ақша жолында ұсталды, темір торға қамалды. Солардың бірі – жүкті күйінде есірткі жасырумен айналысқан жас ана. Өмірдегі күнделікті жағдайларға негізделе әзірленген туындыны көппен бірге Карина есімді азаматша да тамашалады. Ол – бұған дейінгі фильмдердің бірінің кейіпкері. Жерлесіміз есірткі жасырумен айналысқаны үшін 12 жылға сотталған.

КАРИНА КИРЬЯКОВА:

— 2 балам бар, қыздарым өсіп келеді. 8 жыл түзету мекемесінде жазамды өтедім. Ісім үшін өкінемін. Мен жақындарымды қиын жағдайға душар еттім. Олар менен бірнеше есе қиналды. Бұл жолды таңдап керек емес. Салдары өте ауыр болады. Адал еңбек еткен, ақша тапқан мың есе артық. Осыны жастар түсінсе екен деймін.

«Закладчики. Мать» – есірткі бизнесіне, нашақорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған алғашқы фильм емес. Бұған дейін талантты теріскейліктерден құралған түсірілім тобы бірнеше туындының таспасын қиды.

АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

— Бұл – біздің өңірдегі төртінші деректі фильм. Оқушыларға, жасөспірімдерге, студенттерге және тұрғындарға арналған. Нашақорлықтың салдары көрсетіледі.

Туындыны тамашалауға бірсыпыра адам жиналды. Жастардың қарасы басым болды. Олар экраннан көз алмады. Еңбек көрермен тарапынан жоғары баға алды. Тәрбиелік мәні зор «Закладчики. Мать» фильмі YouTube платформасында қолжетімді. Туындыны тамашалаған жандардың саны күннен-күнге артуда.