МТРА жаңалықтары

Петропавлда кекушинкай каратеден облыстық турнир өтті

Петропавлда кекушинкай каратеден «Жаңа буын» атты облыстық турнир өтті. Жарыс «Бүкілқазақстандық Кекушинкай карате ұйымы» РҚБ облыстық филиалының 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Сайыс 400-ге жуық ұл-қыздың басын қосты. Бұлардың барлығы – ақ белбеу иегерлері. Айтулы шарада өңірімізде каратэ мектебінің негізін қалаған Азамат Манапов та төбе көрсетті.

АЗАМАТ МАНАПОВ, «Бүкілқазақстандық Киокушинкай карате ұйымы» РҚБ Алматы қалалық филиалы директоры:

— Осыдан 25 жыл бұрын мен Петропавл қаласында кекушинкай карате филиалын аштым. Ол кезде менің қарамағымда бар-жоғы 25-30 шәкірт болды.

Татамиға шыққан әр бала жеңіс үшін барын салды. Петропавлдық жас каратеші Глеб Голушконың икемі бірден көзге түседі. Ол қарсыласын алғашқы секундтардан-ақ соққының астына алды.Соның арқасында оған мерзімінен бұрын жеңіс бұйырды. Бір қызығы, балақайдың каратемен айналыса бастағанына небәрі 1 күн болған.

ГЛЕБ ГОЛУШКО, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

— Жекпе-жек көңілімнен шықты. 7 жастамын, бұл – менің алғашқы сайысым. Карате үйірмесіне кеше ғана келіп, бүгін жарысқа қатысып отырмын. Басты мақсат – топ жару.

Ал мына жерде қыздар күш сынасуда. Елизавета Борович алғашқы қарсыласын жеңді. Тайыншалық қыз алтын медаль иеленіп, ата-анасын қуантқысы келеді.

ЕЛИЗАВЕТА БОРОВИЧ, турнирге қатысушы, Тайынша ауданы:

— Бұл сайысқа 3 ай дайындалдым. Жасым – 11-де. Мақсат айқын – үйге жүлдемен қайту. Карате үйірмесіне анам алып келді. Бұл сайыста менің сыңарым да өнер көрсетеді, оған қолдау көрсетемін.

Турнир 1 күнге созылды. Жарыс соңында мықтылар марапатқа ие болды. Айта кетейік, қазіргі таңда «Бүкілқазақстандық Кекушинкай карате ұйымының» облыстық филиалында 23 білікті бапкер 2 мыңнан астам адамды жаттықтырады. Олардың ең жасы 3-те болса, ең үлкені – 80 жаста.