ТЖ

Өрттен 5 жасар қыздың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қызылжар ауданында өрттен 2 адам көз жұмды. 18-ші қаңтар күні кешке Ольшанка ауылында жер үй толығымен жанып кетті. Өкінішке қарай, тілсіз жауды сөндіру барысында құтқарушылар 2020 жылы туған баланың мәйітін тапты.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

— Мамандарымыз оқиға орнына жедел түрде аттанды. Құтқарушылар жеткен сәтте әйел адам үй ішінде оның 2020 жылғы қызы бар екенін және ол оны сыртынан жауып кеткенін айтты, бірақ ол кезде үй толығымен отқа оранып, салдарынан төбесі құлаған еді. Кейін үйінділерді тазалау барысында қыз баланың мәйіті табылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамның 35 қызметкері мен 11 техника жұмылдырылды. Қызыл жалын пештен тарауы мүмкін деген болжам бар. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал екінші жайсыз жайт 19-шы қаңтарға қараған түні Приишимка ауылында тіркелді. Мұнда да жеке тұрғын үйден өрт шығып, газ баллоны жарылған. Салдарынан 1973 жылы туған ер адам оқиға орнында көз жұмды.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

— Қызметкерлеріміз оқиға орнына барған кезде үй толығымен отқа оранып, төбесі опырылып түскен. Өрт толықтай сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамның 17 маманы мен 5 техника жұмылдырылды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, тілсіз жау газ баллонының жарылуынан тарауы мүмкін. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталуда.

Айта кету керек, осыдан бір апта бұрын М. Жұмабаев ауданында болған өрт салдарынан ер адам мен оның екі баласы қаза тапқан еді. Өрттің шығу себебі әлі анықталып жатыр.