Ауыл шаруашылығы

М.Жұмабаев ауданына Германиядан 165 бас асылтұқымды ірі қара әкелінді

М.Жұмабаев ауданына Германиядан 165 бас асылтұқымды ірі қара әкелінді. Құнажындар Батыс Еуропадан елімізге ұшақпен, ал Советское ауылына жүк көліктерімен жеткізілді. Енді олар карантинге қамалып, ветеринарлардың бақылауында болады. Аталған елді мекенде 10 мың басқа шақталған Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы-сүт фермасы салынуда. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша аз пайызбен несие алып, мал шаруашылығын дамытуды көздейді.

НИКОЛАЙ КЛЯЙН, “СК Агро 2050” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

— Осыған дейін Украинадан – 256, Германиядан 165 бас мал әкелдік. Бүгінгі үшінші партияны қосқанда фермада барлығы – 600-ге жуық голштино-фриз тұқымды сиыр бар. Оларға біздің ветеринарларымыз жіті қарады. Алғаш әкелінген құнажындар төлдеп бастады. Наурыз айында оларды сауу процесі басталады.

Кәсіпкер әр сиырға мемлекеттен қосымша 700 мың теңге субсидия алады. Жоба құны – 8 млрд теңге. Қаржы “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен берілді. Айта кету керек, серіктестік мамандары Германияға арнайы барып, құнажындарды өздері таңдап алған.

ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК Агро 2050” ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы, М.Жұмабаев ауданы:

— Сиырларды таңдаған кезде оның арқасының түзу және аяқтары ұзын болғанына ерекше мән бердім. Бұл дендерінің саулығын білдіреді. 165 басты іріктегеннен кейін білікті ветеринарларға апарып, денсаулығын тексерттк. Логистика тұрғысынан ешқандай мәселе болмады. Германиядан Қарағандыға тікелей рейспен жеткіздік. Жақын арада тағы 600 бас әкелуді жоспарлап отырмыз.

Ірі қараның голштино-фриз тұқымы суыққа төзімді әрі сүтті. Күніне әрқайсысы орта есеппен 40 литрге дейін ақ береді. Айта кету керек, болашақта заманауи кәсіпорында бір мезетте 100 сиырды саууға мүмкіндік беретін “Карусель” жүйесі жұмыс істейтін болады. Өндіріс орны толық қуатқа шыққаннан кейін жылына 39 мың тонна сүт өндірілмек.

АБАЙ ҚАЗИСОВ, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

— Қазіргі таңда ауданда 6 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындарда айына 1500 литр ақ өндіріледі. “СК Агро 2050” серіктестігінде өндіріс орны іске қосылғаннан кейін бұл сандар еселеп артатыны сөзсіз. Сонымен қатар, тағы екі кәсіпорында сиырлардың санын арттыруды жоспарлап отырмыз.

Қазіргі таңда өңірде 110-нан астам тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның 42-сі – заманауи сүт кешені.