Крещение Господне – православ христиандары үшін ең маңызды әрі қасиетті мерекелердің бірі. Бұл күні жаңару орын алады. Сенім бойынша қаңтардың 19-шы жұлдызында су ерекше қасиетке ие болады. Сол себепті дәстүрге сай көпшілік өзен-көлдерге түседі. Петропавлдықтар таңда Қызылжар ауданындағы Черное көліне жиналып, мұздай суға түсуге келді. Солардың бірі – Роман Хорольский. Ол алғаш рет осыдан 5 жыл бұрын шомылыпты.
РОМАН ХОРОЛЬСКИЙ, қала тұрғыны:
— Су суық деп айта алмаймын. Биыл өз-өзімді дайындап, көлге келдім. Енді осы істі дәстүрге айналдырғым келеді. Себебі, шомылмаған жылдары қыста да, жаз да ауырдым. Судың қасиеті бар. Оған көзім жетті, ең бастысы суық судан қорықпау қажет.
Көл жағасында мерекелік, көтеріңкі көңіл-күй орнаған. Солтүстікқазақстандықтар алған әсермен бөлісіп жатыр. Мереке күні қауіпсіздікті құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен медицина мамандары қамтамасыз етуде. Олар шомылған әр адамды бақылап тұрды.
СОФИЯ ПРИДВОРНАЯ, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:
— Осындай шараларда азаматтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Біз адамдардың жағдайын бақылап, денсаулығын тексереміз, өздерін жайсыз сезінбеуін қадағалаймыз. Қауіпсіздік талаптары бар: мұз үстіне және суға мас күйде шығуға болмайды, құтқарушылардың нұсқауын тыңдау қажет, көп адам топтаспауы міндетті, жүгірмеген жөн, суға бір-бірлеп, абайлап түсу керек. Шомылған соң бірден жылы жерге кіріп, құрғақ киім кию ұсынылады.
Мұз ойығына түсу 19:00-ге дейін жалғасады. Шомылып шыққан соң тұрғындар ыстық шай ішіп, бой жылыта алады. Келушілерге қолайлы болу үшін көл аумағында жылы шатырлар орнатылған.