Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде! Петропавлда дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцина салынуда. Екпе белгілі бір тәртіп бойынша қойылады. Жыл сайын иммундалуға 16, 26, 36, 46 және 56 жасқа толатын жандар жатады.
ГАЛИНА ЛУКАШЕВИЧ, №2 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері:
— Дифтерия – ауа арқылы жұғатын ауру. Ол тамақ жолдарын зақымдайды. Оның салдары жүрекке, бүйрек пен жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін. Бастапқыда оны кейбір жандар қарапайым респираторлық аурумен шатастырып жатады. Себебі, белгілері ұқсас келеді. Алайда, дерт уақытында емделмей, күрделеніп кетсе, науқас өмірден өтуі де ықтимал.
Сіреспе – жарақаттан немесе кішкентай ғана кесілген жерге түсетін инфекция. Мұндай жағдайда науқастың бұлшықеттері құрысып, тыныс алуы қиындап кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін теріскейліктерді екпеге шақыру қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Онымен учаскелік дәрігер айналысады. Абзал жандар әр тұрғынға жеке жазып, иммундалу керектігін ескертеді. Эдаурд Кривощекин – денсаулығына жауапты қарайтын бозбала. Ол биыл 16 жасқа толмақ.
ЭДУАРД КРИВОЩЕКИН, қала тұрғыны:
— Мен қазіргі таңда колледжде оқимын. Дәрігерлер анама хабарласып, екпеге келу қажеттігін айтқан. Бірден келісім бердім, жаңа ғана вакцина қойды. Ауырсыну болған жоқ.
Жалпы, №2 қалалық емхананың ересектер бөлімінде қос ауруға қарсы екпені 3 мыңға тарта адам алу қажет. Соның 800-ге жуығы – 16 жасқа толатын жастар.