Петропавлдағы Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейге – 35 жыл. Жаратылыстану-математика бағытындағы оқу ұясына талай оқушының, талай маманның табаны тиді. Солардың бастауында Александр Слухаевский тұр. Білікті басшының жетекшілігімен педагогикалық қызметкерлер салаға тың серпіліс әкелді. Нәтижесінде лицей елімізге танылды, республикамызда алдыңғы қатарлы білім ошағына айналды. Лицейде балалар физика, химия пәндерін тереңдете меңгереді. Осыдан бірсыпыра жыл бұрын бастауыш сыныптардың бағдарламасына ағылшын тілі мен информатика пәндері енгізілген. Кейін тиімді тәжірибені Қазақстанның өзге мектептері өздеріне негізге алыпты. Бүгінгі ұжым тарих қойнауында қалған зор жетістіктерімен мақтанады.
ОКСАНА НОВИКОВА, Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің директоры:
— Осы уақыт аралығында оқу ордамыздың бай тарихы мен оны өзгелерден ерекшелендіретін дәстүрлері қалыптасты. Сол дәстүрдің бірі – театр өнеріне негізделген шығармашылық бағыт. Сахнада ұл-қыздарымыз бойдағы жасырынған қырларын ашады, өнер әлеміне қадам жасайды. Біз бағындырған белес аз емес, алда алар асуларымыз да жеткілікті.
Лицей – еңбек әулеттерінің ордасы. Бұл жерде математика пәнінің мұғалімі Алена Малая 25 жұмыс істеп келеді. Оның анасы мен әпкесі де осында тер төгіп, Мағжан сенген жастарды тәрбиелепті.
АЛЕНА МАЛАЯ, Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің математика пәні мұғалімі:
— Менің өмірім лицеймен тығыз байланысты. Себебі, анам да, әпкем де осы білім орнында еңбек етті. Мен – олардың жолын жалғастырушымын. Балаларым да осында оқиды. Лицей – біз үшін тек оқу орны ғана емес, жүрегімізге жақын, отбасының рухани іргетасына айналған мекен.
Білім ұясының оқушылары мақтауға лайықты. Түлектері сенімді ақтайды, жыл сайын жоғары оқу орындарына түседі. Биылғы мектеп бітіретін жастарға артылған сенім мол.
ӘЛІШЕР СЕЙТІМБЕТОВ, Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің 11-сынып оқушысы:
— Мен бұл мектепте 11 жыл бойы оқып келемін. Білім ордасы – менің екінші үйім, тәлім-тәрбие мекені. Ұстаздарымыз әрдайым қолдау беріп, дұрыс жол көрсетті. Мұнда біз біліммен бірге достықтың не екенін түсіндік, үлкен өмірге дайындық жасадық десек те болады.
Білім, жаңашылдық пен достық көрініс тапқан лицейді 35 жыл ішінде 1600-ден астам адам аяқтаған. Қазіргі таңда мұнда 700-ге жуық тәлім мен тәрбие алуда.