Қоғам

Баспанасыз жүрген жандар әлеуметтік-бейімделу орталығына жеткізілді

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

— Бірнеше күннен бері төмен температура сақталып тұр. Адамдардың үсіп қалу қаупі жоғары. Осыған орай полиция қызметкерлері қала көшелерінде күшейтілген рейд өткізіп жатыр. Олар баспанасыз жүрген адамдарды анықтап, суықта қалдырмай, уақытша паналау орнына жеткізуде.

Баспанасыздар мекендейтін жерлер белгілі. Олар: тұрғын үйлердің жертөлелері, жылу құбырлары, қоқыс тастайтын жерлер мен басқа да орындар. Осылардың барлығы тексерілді. Нәтижесінде үйсіз жүрген бірнеше азамат анықталды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай рейдтер қыста тұрақты түрде жүргізіледі. Басты міндет – баспанасыз жандардың үсіп қалуына жол бермеу. Сақылдаған сары аяз адамның өміріне тікелей қауіп төндіреді.

ҚАНАТ ҚАНАФИН, Петропавл қалалық ПБ қабылдау-тарату мекемесінің қызметкері:

— Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осындай рейдтерді өткізіп тұрамыз. Кейбір кезде баспанасыз жүрген жандар подъездерге кіріп кетеді, сонда адамдар бізге хабарласады. Оларды алып кетіп, осы жерге әкелеміз.

Мекемеге жеткізілген жандар түнеп шығады, қайырымдылық қорлары ұсынған ыстық тамақ ішеді. Қажет болған жағдайда медициналық тексеруден өткізіледі. Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде Петропавлда 150-ден астам тұрақты мекенжайы жоқ адам есепке алынған. Үй-күйсіз жүрген жандардың ең жасы 28-де болса, ең үлкені алпысты алқымдапты. Олардың 30-40 пайызы – әйелдер.