Облыста эпидемиологиялық маусым басталғалы немесе өткен жылдың 1-ші қазанынан бастап жіті респираторлық вирустық инфекциямен 44 мыңнан астам адам ауырған. Бұл алдыңғы жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға аз. Бірақ, соңғы бір аптаның ішінде 2 мың 500-ге жуық жерлесіміз аталған вирусты жұқтырған. “Бұған күннің күрт суытуы себеп”,- дейді жауапты мамандар. “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демекші, сала өкілдері тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстанып, иммунитетті нығайтуға шақырады.
— Науқастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл – 29 мың жағдай немесе 65 пайыз. Кішкентай балалардың иммунитеті төмен болғандықтан, оларға дәрумен беру керек. Жіті респираторлық вирустық инфекцияның негізгі белгілері: температура, интоксация, мұрын бітелу мен тамақ ауруы. Алғашқы белгілерін байқасаңыз, бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Сонымен қатар, маусым басталғалы облыста 215 адам H3N2 тұмауымен ауырған немесе Гонконг вирусын жұқтырған.
— СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.