Петропавлда жазушы Әмина Шалабаеваның 110 жылдығына арналған поэзия кеші өтті. Қаламгер еңбек жолын 50-ші жылдары аудармашы болып бастаған. Пайдасы мол 10-ға жуық кітап жазған. Әр туындысы оқырманға ерекше ой салады, ізгілікке баулиды. Сонымен қатар, ол қазақ қыздарының тәрбиесіне де ерекше мән берген. Ақын Самрат Құскенов Әмина Асқарқызының шығармашылығын жарты жолы бойы зерттепті.
САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі:
— Әмина Асқарқызының туындыларын қазақтың белгілі ақын-жазушылары жоғары бағалаған. Өкінішке қарай, қаламгердің шығармашылығы толық зерттелмеген.
Әмина Шалабаева 1916 жылы қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ақмола ауылында туған. Біраз жылдар бойы қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарған. Осы орайда қызықты ақпармен бөліссек. Әмина Асқарқызы – айтыс пен поэзияда қанатын кеңінен жайған Ерік Асқаровтың әпкесі. Елге белгілі ақын Алматыға оқуға түскен кезде қолынан келгенше қамқорлық көрсетіпті. Шалқар шабыт иесі Фариза Оңғарсынова, Ғабит Мүсіреповтермен тығыз қарым-қатынаста болған. Поэзия кешінде жалынды жастар қатысушыларға жерлесіміздің өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Шараға зиялы қауым өкілдері мен жазушының туған-туыстары қатысты. Әмина Шалабаеваның сіңлісі Алма Нұрышевамен тілдестік. Оның сөзінше, қаламгер нәзікжандыға өмірде өз жолын табуға жәрдем беріпті.
АЛМА НҰРЫШЕВА, Әмина Шалабаеваның сіңлісі:
— Татемнің мінезі қатты болды. Барлығын тек бетке айтатын. Жазушылар Одағында жұмыс істеді. Қадыр Мырза Әли, Ғафу Қайырбеков сынды белгілі тұлғалармен бірге еңбек етті.
Шараға қатысқан жандар ақын-жазушының шығармашылығына терең бойлады. Болашақта қаладағы көшелердің біріне Әмина Асқарқызының атын беру мәселесін де көтерді.