Қоғам

Қоқысқа тасталған шыршалар жабайы жануарларға азық ретінде берілмек

Далаға тасталған шыршалар жабайы жануарларға азық ретінде берілмек. Бұл ретте петропавлдықтардың құлағына алтын сырға! Тұрғындар мереке қарсаңында үйлеріне кіргізіп, безендіріп қойған жасыл желекті 20-шы қаңтарда қоқыс жәшіктерінің маңына шығару қажет. Оны арнайы мамандар алып кетеді. Акция республикалық “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында ұйымдастырылмақ.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің маманы:

— Жиналған шыршаларды коммуналдық қызметтер “Қызылжар” орман шаруашылығының “Тепловское” орманшылығына жеткізеді. Ол жерде шыршалар жануарларға азық ретінде беріледі.

Орманшылықта шыршалар бөлшектеледі, ұнтақталады. Артынша қары қалың жерлерге жеткізіледі. Азықты қабан, елік, марал, бұғы, қоян сынды жануарлар жемек. Тұрғындар 20-ы күні үйлерінде болмаса немесе жасыл желекті шығарып үлгермесе, оны қаланың сыртындағы орманшылыққа өздері апара алады. Игі бастаманы петропавлдықтар қолдап отыр.

Табиғатқа, айналаға залал келтіргенше, жануарларға беріп, оны бір пайдаға асырған дұрыс деп ойлаймын.
Өзімнің үйімде жасанды шырша тұр. Жалпы, бұл бастаманы қолдаймын, жақсы ойластырылған. Өз басым жаңажылдық жасыл желекті кескенін қаламаймын.

Айта кеткен жөн, мамандар шыршаларды тек 20-сы күні әкетеді. Тұрғындар одан кейін жасыл желекті қоқыс жәшіктеріне салмауы қажет. Егер ереже еленбесе, тұлға абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.