Қоғам

Қақаған аязда тер төккен жандарға ыстық шай мен бауырсақ ұсынылды

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Қолда күрек, аяқ астында мұзға айналған қалың қар. Қақаған сары аязға қарамастан коммуналдық қызметкерлер қаланың тазалығы үшін таңның атысынан кештің батысына дейін еңбек етіп жүр. Қазір далада небәрі 10 минут тұрсаң, сүйегіңнен өтер суық сезіледі. Ал бұл азаматтар сағаттап боран мен аязға қарсы тұрып, адал еңбектерімен нәпақа табуда. Осындай қиын сәтте еңбек адамдарына жылу мен мейірім сыйлаған жастардың игі бастамасы көпке үлгі болды.

Сақылдаған сары аязда адамның бойын жылы сөз бен ыстық ас жылытады. Осыны түсінген қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері коммуналдық қызметкерлерге арнап акция ұйымдастырды. Қыз-жігіттер 12 литр шай дайындаған, 7 келі бауырсақ пісірген, бұдан бөлек тәттілері де бар. Осылар суықта жұмыс істеп жүрген азаматтарға үлестірілді. Қарапайым ғана бастама жүрекке мейірім, ал бойға қуат сыйлайды. Қар тазалаумен айналысып жүрген коммуналдық қызметкерлер мәз болды. Аязды күні ішілген ыстық шай мен жастардың шынайы ықыласы шаршағанды ұмыттырып, еңбектерінің бағаланғанын сезіндіреді. Олар ұйымдастырушыларға ризашылық білдіріп, алғыстарын жеткізді.

ИРИНА САВИЦКАЯ, коммуналдық қызметкер:

— Жұмыс күніміз таңғы 9-да басталады. Үйімізден арнайы автобус алып кетіп, ауысым соңында қайта апарып тастайды. Суықта еңбек ету оңай емес, ызғар өтеді. Жастардың бүгінгі акциясы көңілімізден шықты. Қуанып қалдық. Әрқайсысына алғыс білдіремін, мықты денсаулық тілеймін.

Жастар мұндай бастаманы жылда қолға алады. Игі шараның мақсаты – қоғамда еңбек адамдарына деген құрметті арттыру және өскелең ұрпақты мейірімділікке баулу.

ДАМИР ӘБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Қазір күн өте суық, кей жерде температура минус 38 градусқа дейін төмендепті. Осындай күндері қаламыздың тазалығына үлес қосып жүрген жандарға өздігімізгше көмектесіп, көңілдерін көтергіміз келді. Бұл адамдардың еңбегі шексіз. Боран соқса да, аяз болса да, жаңбыр жауса да олар қажымай еңбек етуде. Қаламыздың таза, көрікті және жайлы болуына, көркейуіне олар септесуде.

Мұндай игі шара Петропавлда алдағы уақытта жалғасын табады. Еріктілер тек коммуналдық қызметкерлермен шектелмей, өзге де бағытта жұмыс істеп жүрген азаматтарға жылу мен қамқорлық сыйлауды жоспарлап отыр.