ТЖ

SOS батырмасы – қоғамдық тәртіп кепілі

Бұл – облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы. Тұрғындар 102 нөміріне хабарласса, қоңырау мына отырған операторларға түседі. Қазіргі таңда қала көшелері мен аулаларындағы 1200-ге жуық бейнебақылау камерасы жедел басқару орталығына қосылған. Осының арқасында полицейлер орын алған қылмыс пен құқықбұзушылықтарды бірден анықтай алады. Мына отырған операторларға күніне 150-ден астам қоңырау түседі. Оның ішінде SOS дабыл батырмасы арқылы хабарласатын тұрғындар да бар.

МЕРГЕН БАЙМАНОВ, СҚО ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасының бөлім бастығы:

— Петропавл қаласында мұндай 20 құрылғы жұмыс істеп тұр. Олар бейнекамера, микрофон, динамик және жедел хабарласу түймесімен жабдықталған.

Кейін біз арнамыздың түсірілім тобымен бірге қаладағы SOS дабыл батырмаларының қалай жұмыс істейтінін тексердік. Полицейлер тек менің даусымды ғана естіп тұрған жоқ. Қай жерде, қандай жағдайда тұрғанымды жақын маңдағы бейнебақылау камерасы арқылы көре алады. Тұрғындардың көбі бұл заман игілігі жайлы білмейді. Мәселен, келеңсіз оқиғаға тап болсаңыз, бірақ полицияға хабарласуға мүмкіндігініз болмаса осы SOS дабыл батырмасы арқылы қоңырау шалуға болады. 2025 жылы полицейлер SOS дабыл батырмасының көмегімен 10-нан астам қылмыс пен құқық бұзушылықтың бетін ашқан. Айта кету керек, дабыл түймесіне шетел азаматтары да жүгіне алады. Жедел басқару орталығында оларға қызмет көрсететін арнайы мамандандырылған тәртіп сақшылары бар.