Құқық қорғау органдары

Пробация қызметі есебіндегі жандар үшін жаңа жобалар әзірленді

Бүгінгі таңда Петропавлдағы пробация қызметінің есебінде 318 адам тұр. Мұндағы мамандардың басты қызметі – оларды бақылау ғана емес, қайта әлеуметтендіру. Яғни, қоғамға бейімделуге, жұмыс табуына жәрдемдесу болып табылады. Бұл ретте жаңа заман игіліктері қолданыла бастады. Қосымшалар шенділердің жұмысын біршама жеңілдетті.

МАДИМАР ДҮЙСЕНОВ, Петропавл қалалық пробация қызметінің бастығы:

— Біздің мекеме орналасқан ғимаратқа кіреберісте биомонитор орналасқан. Ол жүгінген жандардың түрін сканерден өткізіп, автоматты түрде пробация қызметіне келгендігін растайды. Талап бойынша есепте тұрған жандар аптасына 2 рет белгіленіп тұруы тиіс. Көпшілік білетіндей, біздің нысанда бірнеше мемлекеттік ұйым орналасқан. Жаңашылдық өзге жандарға ыңғайсыздық тудырмас үшін іске қосылды.

Сонымен қатар, жақында “Мобильді азаматша” атты пилоттық жоба мен “Мобильді прокурор” қосымшасы іске қосылды. Бұл қағаз жұмысының азаюына ықпал етті.

МАДИМАР ДҮЙСЕНОВ, Петропавл қалалық пробация қызметінің бастығы:

— “Мобильді прокурор” – прокуратура органымен бірлесіп жасалған жоба. Ол «Мобильді прокурор – мемлекеттік қызметші» және «Мобильді прокурор – азамат» болып екіге бөлінеді. Алғашқысы есепте тұрған жандарды бақылау мақсатында қолданылады. Яғни, үй-үйді аралап жүрген қызметкерлер қосымша арқылы арнайы тізімдегі азаматты суреттке түсіреді. Сол сәтте барлық мәлімет автоматты түрде тіркелетін болады.

Ал “Мобильді прокурор – азамат” деген қосымша арқылы пробация есебіндегі жандар прокуратура органдарына өтініш, шағым жолдай алады немесе сұрақ қоя алады. Сондай-ақ, өтініштің қаралу барысын бақылайды. Тағы FSM Social қосымшасы бар. Оның іске қосылғанына жарты жыл ғана өткен. Жаңашылдықтың көмегімен құқық бұзушылық туралы белгі беруге, көмекке мұқтаж есептегі жандарға атаулы көмек көрсетуге болады.