Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне 8 мәселе шығарылды. Мінберге алғашқылардың бірі болып облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шамсутдинов шықты. Атқамінер кеңес мүшелерінен өңір халқын сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормаларын бекітуді сұрады.

ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, СҚО кәсіпкерлікті дамыту және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

—  Жаңа норматив бойынша біз ең алдымен ашылайын деп отырған сауда орнының маңына ерекше назар аударамыз. Халық санын есептейміз. Мәселен, тұрғындарының саны 500-ден сәл асатын ауылдарға бір дүкен жеткілікті. Ал аудан орталығы мен қалалардағы бизнес өкілдерінен сауда нүктелері аз көшелерде кәсібін дөңгелетуді сұраймыз.

Қанат Қайратұлының сөзінше, жаңа норматив тұрғындардың азық-түлік немесе киім-кешек сатып аларда алыс жолды еңсермесі үшін енгізілейін деп отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің пайда табуына да мүмкіндік береді. Атқамінер баяндамасын оқып болғаннан кейін облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев оған мынадай сұрақ қойды.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

— Сіз оқыған баяндамадан шалғайдағы Уәлиханов, Ақжар аудандарында сауда орындарының аз екенін байқадым. Тіпті, кейбір ауылдарда дүкен де жоқ. Тиісінше, елді мекен тұрғындары қажетті заттарын сатып алу үшін аудан орталығына немесе жақын орналасқан ауылға баруға мәжбүр. Бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

Қанат Шамсутдинов мәселені шешу үшін алдағы уақытта шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесетінін жеткізді. Сонымен қатар, бұл ретте инфрақұрылымға ерекше мән беру қажеттігін де атап өтті. Қоғамдық кеңес мүшелері атқамінердің ұсынысын бірауыздан қолдады. Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 2 мың 500-ге жуық сауда орны жұмыс істеп тұр.