Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аспанасты елінен арнайы келген “Хэнань” ауыл шаруашылық инвестициялық корпорациясының делегациясымен кездесті. Шығыстағы көршімен берік байланыс орнағаны белгілі. Бұған сандар дәлел. Соңғы 2 жыл ішінде Қазақстаннан Қытайға экспортталған астық көлемі 5 есеге артып, 1,4 млн тоннаны құраған.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— Өңір – аграрлы аймақ. Қазақстанда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдердің 11 пайызы бізден шығады. Тауарды сатуға, шекара асыруға әзірміз. Осы бағытта біраз жұмыс атқаруға ынталымыз. Сіздердің жобаларыңызды толық қарастырып, оны қолдауға тырысамыз.
Қытайлықтар маңызды жобамен келіп отыр. Инвестиция құю, логистика және астықты терең өңдеумен айналысатын корпорация өкілдері ілкімді істі қолға алғысы келеді. Ол Қызылжар ауданында қолға алынбақ.
ТЯНЬ ЦЗЯНЬМИНЬ, “Henan Agricultural Investment Capital Co. LTD” корпорациясы инвестициялық тобының кеңесшісі, ҚХР:
— Жалпы, орта Азия елдері, оның ішінде Қазақстан – ең үлкен серіктесіміз. Біздің басты мақсат – Қытайда жоғары нәтиже берген тұқым түрлерін, ауылшаруашылық технологияларды осында әкеліп, табысты жұмыс істеу. Бұл мақсатта корпорация Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесе отырып, өңірде технологиялық парк салуды жоспарлап отыр. Оған сіздердің қолдауларыңыз керек.
Марат Тасмағанбетов қытайлық компания өкілдерінің жоспарымен толықтай танысты және облыс әкімдігі қолдау көрсететін жеткізді.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— Инженерлік-коммуникациялық бағытта әрі заң тұрғысынан қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірақ кейбір мәселелерді әлі талқылау қажет деп ойлаймын. Бұдан кейін нақты шешім қабылдап, құжаттарға қол қоюға болады. Жоба жемісті боларына сенімдімін.
Жиын соңында қытайлық делегация қонақжайлылық үшін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен облыс әкімдігі өкілдеріне алғыс білдірді.