Құқық қорғау органдары

Алаяқтыққа қарсы күрес: Петропавл базарында арнайы шара өтті

Базар – адам көп шоғырланатын, қаржы айналымы жоғары орындардың бірі. Мұндай жерлерде алаяқтық фактісі жиі орын алуы мүмкін. Қулар әртүрлі тәсіл қолданады. Бөтен біреудің картасымен айлакерлік жолмен келген қаражатты шешу, жеке деректеріне қол жеткізу, жалған ақша ұсыну. Осы сынды құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында “Дария” базарында арнайы шара өтті. Мақсат – тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру.

НҰРИСЛАМ ІЛЕСОВ, Петропавл қаласы ПБ жедел уәкілі:

— Қазіргі кезде алаяқтыққа көбіне егде жастағы азаматтар тап болады. Бұған – олардың заманауи технологияларды толық меңгермеуі себеп. Соның салдарынан олар күмәнді сайттар мен жалған жарнамаларға сеніп қалады. Кейбір алаяқтар «ақша шешіп алу керек еді, телефоным сөніп қалды» деген сылтаумен банк картасын сұрайды, үстіне 5–10 мың теңге беретінін де айтады. Өкінішке қарай, мұндай тәсілдерге сеніп қалғандар аз емес.

Полиция қызметкерлері мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары базардағы саудагерлермен және сатып алушылармен тілдесіп, алаяқтарға алданбау, бөгде адамдарға ақша мен банк картасын бермеу қажеттігін кеңінен түсіндірді. Шара барысында арнайы дайындалған ақпараттық материалдар да таратылды. Жаднама қағазда қажетті кеңестер мен талаптар егжей-тегжейлі жазылған. Оларды оқу арқылы тұрғындар өздерінің құқықтық білімін арттырып, алаяқтыққа қарсы тұру қабілетін күшейтеді.

ДАМИР ӘБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу аса маңызды деп санаймыз, өйткені заң талаптарын білмеу өкінішті жайтқа әкеліп жатады. Қазіргі таңда алаяқтарға егде жастағы азаматтар жем болуда. Бір байқағанымыз, жастар да қауіп аумағында тұр. Біздің ортақ басты мақсатымыз – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта жалғасады. Мамандар жылдың соңына дейін адамдар көп жүретін жерлерді қамтымақ.