Білім

Тимирязев ауданында заманауи IT-орталық ашылды

Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Облыста бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Тимирязев ауданында заманауи IT-орталық ашылды. Заманауи нысан заман игіліктерін пайдаға жаратып, экономикамыздың дамуына тың серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар, жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам басуымызға да өз үлесін қосады. Президент атап өткендей, жаңа технологияларды игеру мен цифрлық сауаттылықты арттыру – тұрақты даму мен сапалы адам капиталын қалыптастырудың негізгі тетігі.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

Біз агротехникалық колледжбен тығыз байланыстамыз. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникасының басым бөлігі жасанды интеллект элементтерімен келеді. Осының барлығын біріктіріп, болашақ мамандарды соған сай оқытуымыз қажет. Олар барлығына дайын болуы тиіс. Жаңа IT-орталықтың арқасында біз цифрландыруды дамытып, жаһандық бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Даниил Степаненко – ауыл мектептерінің оқушыларына арналған білім беру платформасының негізін қалаушы. IT-орталық тапқыр жастың қосымшасын жетілдіруге мүмкіндік беріп, жаңа жобаларды жасауға шабыт сыйлайды.

ДАНИИЛ СТЕПАНЕНКО, мектеп оқушысы, Тимирязев ауданы:

Бұл қосымша оқушыларға математика, физика, алгебра пәндерін меңгеруге, сондай-ақ өздеріне қызықты кез келген бағытта білім алуға көмектеседі. Жаңа жүйені IT, робототехника және басқа да салаларда қолдануға болады. Заманауи орталық қосымшаны одан әрі дамытуға, толықтай жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда қатарластарым өздерін таныта алып, қоғам үшін пайдалы жұмыс істеуге жол ашады.

IT-орталық цифрлық оқытуға арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Топпен жұмыс істеуге, жобалық және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға арналған коворкинг аймағы да бар. Заманауи нысан тек жастарға ғана емес, жаңашылдыққа ұмтылатын аға буын өкілдеріне өз мүмкіндіктерін ашуға мүмкіндік береді. Зейнеткер Ақайша Шаяхметова қолөнерге деген қызығушылығын қайта жандандырып, бос уақытын пайдаға жаратуды жөн көрген. Ол жасаған бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы көпшілікке ұсынғысы келеді.

АҚАЙША ШАЯХМЕТОВА, Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

Зейнетке шыққаннан кейін өзіме ұнайтын кәсіппен айналысуды шештім. Қолөнерді қолға алғаныма 3 жылдан асты. Туындылардымды әлеуметтік желі арқылы сатып, ақша тапқым келеді. Ауданымызда заманауи орталық ашылғанына өте қуаныштымын.

Жергілікті әкімдік өкілдері орталықтың техникалық жабдықталуына ерекше көңіл бөлген. Нысанда заманауи компьютерлер, интерактивті панель, робототехникалар мен 3D-баспаға арналған құрылғылар бар. Бұл арқылы оқушылар тек заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, аудан игілігі үшін аянбай еңбек етеді.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Аудандық ІТ-орталықтарды ашу арқылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап жатырмыз. Басты мақсатымыз – ауылдар мен аудандарды елдегі цифрландыру үдерісінің драйверіне айналдыру. Заманауи орталық арқылы өңірімізден ел атын шығаратын тапқыр жастар көбейеді деп сенеміз.

Айта кету керек, облыста бұған дейін алты ІТ-орталық ашылған болатын.